Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бірінші жартыжылдықта медициналық қызмет сапасына жүргізілген мониторинг қорытындысымен бөлісті. Кемшіліктердің басым бөлігі консультативтік-диагностикалық қызметтерді көрсету кезінде орын алған.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тегін медициналық көмектің кепілді көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында медициналық қызметтерді стратегиялық сатып алушы екені көпшілікке мәлім. Қор медициналық ұйыммен келісімшарт жасасқан кезде тапсырыс беруші әрі төлеуші болса, медициналық ұйым өз кезегінде осы медициналық қызметтерді ұсынады.
Қор сарапшылары келісім міндеттемелері шеңберінде ТМККК және МӘМС аясында жұмыс істейтін медициналық ұйымдардың көрсеткен қызметтерінің сапасы мен көлемдеріне ұдайы мониторинг жасайды. Шара барысында медициналық көмек көрсету стандарттарынан, клиникалық хаттамалардан және басқа да нормативтерден кемшілік жіберілгені анықталса, медициналық ұйымдарға айыппұл санкциялары салынады.
2023 жылдың 6 айында жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша 1,15 млн астам кемшілік анықталды. Айыпақы сомасын қоса алғанда, оларға жалпы 8,8 млрд теңгеге экономикалық ықпал ету шаралары қолданылды.
Анықталған кемшіліктер бойынша Ақтөбе облысы (9,5%), Шымкент қаласы (8,6%) және Қызылорда облысының медициналық ұйымдары көш бастап тұр.
Анықталған жағдайлардың 89%-ы (998,6 мың кемшілік) көрсетілген медициналық көмек пен қызметтер көлемін негізсіз асыруға байланысты болып отыр. Ал 8%-ы (89 мың) денсаулық сақтау және клиникалық хаттамалар аясында емдеу-диагностикалық іс-шаралардан, стандарттардан, ережелерден негізсіз ауытқығаны анықталды. Ал 7,8 мыңнан астамын (2%) көрсетілмеген медициналық көмекті көрсетілді деп жазған жалған ақпарат құрады.
Медициналық көмек түрлері ішінен жан басына шаққандағы кешенді нормативтен тыс консультативтік-диагностикалық қызметтер бойынша кемшіліктер басым (1,03 млн кемшілік немесе 92%). Стационарлық көмек нысанында мамандандырылған медициналық көмек 4%-ды (47,3 мың кемшілік), ал ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмек бойынша 2%-ды (21 мың кемшілік) құрайды.
«Талдау нәтижелеріне сүйенсек, көрсетілетін медициналық қызметтердің көлемін асырып көрсету бойынша көптеген бұзушылық орын алады. Кемшіліктердің басым бөлігі консультативтік-диагностикалық қызметтерде анықталады. Мемлекет басшысы өз сөзінде консультативтік-диагностикалық көмекті көрсету барысында жалған жазбаның көп орын алатынын тілге тиек еткен болатын. Салдарынан қаржы жетіспеушілігі мәселесі көтеріледі. Қор өз тарапынан медициналық ұйымдардың шарттық міндеттемелерді орындауына мониторинг жүргізеді және бұндай фактілердің жолын кеседі. Ашықтықты арттыру үшін денсаулық сақтауды цифрландыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл медициналық көмектің сапасын арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Сәбит Ахметов.
Егер сіздің тағы да сұрақтарыңыз болса, өз емханаңыздағы «Пациенттерді қолдау қызметіне» жүгініңіз. Ал ол жерде мардымды жауап ала алмасаңыз, Қордың өзіңізге ыңғайлы арналары: fms.kz ресми сайты, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, Telegramдағы SaqtandyryBot және 1414 Бірыңғай байланыс орталығы бойынша өтініш-шағымдарыңызды қалдыра аласыз.
Естеріңізге сала кетейік, МӘМС жүйесіндегі мәртебеңізді келесі құралдар арқылы тексеруге болады:
– fms.kz ресми сайты
– Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы
– Telegramдағы @SaqtandyryBot
– 1414 Бірыңғай байланыс орталығы
– Damumed мобильді қосымшасы.
Сондай-ақ egov.kz электронды үкімет сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне медициналық көрсетілетін қызметті тұтынушы ретінде қатысу туралы және аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат ұсыну» мемлекеттік қызметі арқылы медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді тексеруге және жүргізілген төлемдер туралы ақпарат алуға болады.