15 қыркүйектен 15 қарашаға дейінгі аралықта еліміз бойынша жыл сайынғы емханаға тіркеу науқаны өтті, оның шеңберінде қазақстандықтар 2023 жылға өздеріне қызмет көрсететін емхананы ауыстыруға мүмкіндік алды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры атап өткендей, биылғы күзде бұл мүмкіндікті пайдалануға ниет білдірушілер саны өткен жылғы акциямен салыстырғанда 2,5 есеге көп болды.
Өткізілген науқанның алдын ала нәтижелері бойынша емханаларға тіркелген халық саны шамамен 19,7 млн адамды құрады, оның ішінде 2023 жылға арналған тіркеу науқанының мүмкіндіктерін шамамен 277 мың адам пайдаланған.
Бұл ретте алғаш рет МСАК ұйымдарына 24 мыңға жуық тұрғын тіркелді, ал 165,5 мың адам қазіргі қызмет көрсету емханасын басқасына ауыстыруға шешім қабылдады.
2023 жылға арналған тіркеу науқанына 717 алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымы қатысты, олардың 83-і – жаңа жеткізушілер, яғни науқан шеңберінде алғаш рет өздерінің тіркеу қызметтерін ұсынды.
Естеріңізге сала кетейік, тіркеу науқаны жыл сайын 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін өткізіледі. Осы кезеңде тұрғындар келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап өздеріне қызмет көрсететін емхананы таңдай алады. Аталмыш науқан аясында сіз емханаға бірінші рет тіркеле аласыз, өзіңізге қызмет көрсететін ұйымды өзгерте аласыз немесе өз емханаңыздағы учаскелік дәрігерді ауыстыра аласыз. Тіркелетін емхананы таңдау кезінде үйіңізге жақын емхананы таңдау ұсынылады, себебі үйдегі медициналық көмекті емхананың қызмет көрсету аумағында тұратын пациенттер ала алады.
Сіз қай МСАК ұйымына тіркелгеніңізді электрондық үкіметтің веб-порталында (жеке деректерде) тексере аласыз.
Егер сізде сұрақтар туындаса, оларды Пациенттерге қолдау көрсету қызметіне хабарласу арқылы, өз емханаңызда қоя аласыз. Сізге жергілікті жерде көмек көрсетілмесе, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өзіңізге ыңғайлы байланыс арнасы арқылы өтініш жібере аласыз: fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot.
Дәл осы құралдар сақтандырудың күйін тексеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді тексеріп, жүргізілген төлемдер туралы ҚР egov.kz электрондық үкіметінің сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінен «Медициналық қызметтер туралы және МӘМС-те аударылған сомалар туралы ақпарат» мемлекеттік қызметі арқылы білуге болады.