Брифинг барысында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басшысы атап өткендей, ұйымдарға көрсетілген медициналық қызметтер үшін ақы төлеу медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізілгеннен кейін ғана жүргізіледі. Ағымдағы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша Қор медициналық ұйымдарға қатысты 11,8 млрд теңге сомасына 882,6 мыңнан астам кемшілікті анықтады.
Бүгінде медициналық көмектің сапасын қамтамасыз ету үшін ағымдағы, мақсатты, жоспардан тыс, проактивті түрлері бойынша мониторинг жүргізілуде.
«Кемшіліктердің басым бөлігі кеңестік-диагностикалық қызмет көрсететін мекемелерде анықталды. Көбінесе төлемге қызметтердің негізсіз жоғары саны ұсынылды. Мысалы, 1 қызмет көрсетілсе, 3 қызметті төлеуге ұсынды», – деп мысал келтірді Қор басшысы.
Оның ішінде Қор сарапшыларымен жалпы сомасы 214,2 млн теңгеге медициналық қызмет көрсетудің 28,6 мың расталмаған жағдайы (яғни «қосып жазу») анықталды (соның 99%-ы кеңестік диагностикалық қызмет көрсету кезінде кездеседі).
Бұдан бөлек, Қор проактивті мониторинг енгізді және оны 2 жыл бойы жүргізіп келеді. Онда анықталған бұзушылықтарға айыппұл санкциялары қолданылмайды, оларды 45 күн ішінде жоюға мүмкіндік беріледі. Осы мерзім өткеннен кейін жойылмаған кемшіліктер бойынша сомалар төлемнен алынады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша медициналық ұйымдар осы мүмкіндікті пайдаланып, анықталған 7 млрд теңгенің 5,3 млрд теңге сомасына бұзушылықтар жойылды.